Қазақстан • 24 Шілде, 2017

Астанада Пласидо Домингоның «Опералия» халықаралық байқауы басталды

117 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында тағы да бір тамаша мәдени шара жүзеге асып отыр. Астанада Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен әлемге әйгілі өнер жұлдызы Пласидо Домингоның «Опералия» халықаралық байқауы басталды.

Астанада Пласидо Домингоның «Опералия» халықаралық байқауы басталды

«Астана Опера» ғимаратында осыған орай баспасөз конференциясы өтті. Оған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедияров және Пласидо Доминго қатысты.

Алқалы жиында алғысөзді алған Арыстанбек Мұхамедиұлы байқаудың қазылар алқасымен қысқаша таныстырып өтті. Олардың қатарында Италиядағы «Карло Феличе» театрының көркемдік жетекшісі Джузеппе Акуавива, Париж ұлттық операсының директоры Илиас Цемпетонидис, Вена мемлекеттік операсының директоры Доминик Мейер, Нью-Йорктегі Метрополитен операсының көркемдік жетекшісі Джонатан Френд секілді классикалық өнер әлеміне танымал тұлғалар бар.

– Байқаудың тартысқа толы өтеріне күмәнім жоқ. Себебі, бұған әлемнің 17 елінен 40 дарынды әнші қатысады. Олар халықаралық жарыстың ақтық кезеңіне жолдама алды. Ал іріктеу кезеңінен сүрінбей өту оңай емес. Тағы бір айта кетерлігі, «Опералия» осыған дейін Вашингтон, Мадрид, Гамбург, Токио секілді әлемнің ірі қалаларында өткен. Мұндай жаһандық шараны өз елімізде жоғары деңгейде өткізу үлкен жауапкершілікті талап етеді, – деді министр.

Опера жаныңды тербетіп, өзіңді бейне бір өзге әлемге алып кеткендей күйде қалдырады. Ал осы опера әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Пласидо Доминго секілді әншінің әйгілі «Опералия» конкурсын Астанада өткізуі – қазақтың өнерге қаншалықты жақын халық екенінің бірден бір дәлелі.

Жиында сөз алған Пласидо Доминго «Опералияның» Астана қаласында ЭКСПО көрмесі кезінде өтуіне мүмкіндік жасалғаны үшін алғысын білдірді.

– Қазақстан астанасына алғаш рет осыдан тоғыз жыл бұрын келдім. Осы уақыт аралығында қала адам танымастай өзгеріп кеткен деп айтуға болады. Ал қазақ халқының өнерді жоғары бағалайтынын өз басым бұрыннан білемін. Бұл жолғы байқау да жоғары дәрежеде өтеді деген үміттемін. Ал финалға шыққан дарындармен алдағы уақытта тығыз байланыста болып, әншілік қабілеттерінің артуына септігімді тигізсем деймін. Негізі осы жарыстың жеңімпаздары ғана емес қатысушыларының да кейінірек өнері өрге жүзіп, әлемге таныла бастайды. Солардың бірі ретінде «Опералияның» 1993 жылғы, яғни алғашқы жеңімпазы атанған швециялық Нина Штеменді айтуыма болады. Бәріне сәттілік тілеймін, – деді маэстро.

Байқауға Қазақстан атынан «Астан Операның» солисі, бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы Мария Мудряк, сондай-ақ, Расул Жармағанбетов, Дамир Сәдуақасов, Станислав Ли ел намысын қорғайды. Үміткерлер әлемдік опера классикасынан өздері таңдап алған арияларды «Опералия» концертмейстерлерінің сүйемелдеуімен орындайды. Бәйге шарты бойынша 18 бен 32 жас аралығындағы әншілер іріктелінді. Ал жалпы жүлде қоры 180 мың АҚШ долларын құрайды.

«Опералия» байқауына Ресей атынан қатысқалы отырған Елена Гусева жарыс алдындағы толқынысы жайлы былайша ой бөлісті.

– Шынымды айтсам, операға ынтық болуыма дәл осы Пласидо Доминго тікелей себеп болды. Сол кісінің конкурсына қатысқалы отырғаныма әлі сене алар емеспін. Бұл байқауға бас жүлдені иеленуді мақсат етіп келгенім жоқ. Тек өзімнің кумирім болған ұлы тұлғаның маған арнаған бірауыз жылы лебізін естісем, соның өзі мен үшін үлкен жетістік, – дейді Елена ағынан жарылып.

Айта кетейік, 24-26 шілде аралығында ширек финал мен жартылай финал кезеңдері өтеді. Ал 29 шілдеде, яғни ақтық сынға жолдама алған он үміткер өзара жеңімпазды анықтайтын болады.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»